Мемлекет басшысы ұсынған «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыруда бұқаралық ақпарат құралдары маңызды рөл атқаратындығын ескере отырып, журналист кадрларды даярлаудың сапасын арттыру мәселесін күн тәртібіне шығаратын кез жетті деп санаймыз. Осыған орай Премьер-Министрдің орынбасары Е.Досаевқа депутаттық сауалмен мынадай ұсыныстар жолдадық:
1) Болашақ журналистерді даярлайтын негізгі оқу орындары болып табылатын әл-Фараби атындағы ҚазҰУ мен Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ журналистика факультеттерінің әлеуеттерін барынша толық та, тиімді пайдалану қажет. Аталған факультеттер рухани жаңғыру қозғалысының алғы шебінен көрініп, мемлекеттік ақпараттық саясатты табысты жүзеге асыратын қоғамдық пікір көшбасшыларын даярлайтын, бір кездегідей беделі өте жоғары, элиталық деңгейдегі журналист кадрлар ұстаханаларына айналдырылса артық болмас еді. Олар ең алдымен мемлекеттік БАҚ-тарға және мемлекеттік органдардың баспасөз қызметтеріне қажетті жоғары білікті маман кадрларды даярлауға мамандандырылғаны жөн деп білеміз. Осыған орай аталған университеттерге «Журналистика» мамандығы бойынша мемлекеттік білім беру гранттарын мақсатты түрде бөлу тетігін қарастыру қажет.
Бұған қоса, жоғарыда аталған екі ұлттық университеттің журналистика факультеттері мен мемлекеттік ақпарат құралдарының арасындағы байланыс барынша нығайтылып, болашақ журналистердің өндірістік практикадан өтуі жүйелі түрде жолға қойылса игі. Бұл мемлекеттік БАҚ-тар басшыларының дарынды жас журналистерді дер кезінде танып-біліп, жұмысқа қабылдап, шығармашылық ұжымдарды тың күшпен нығайтуларына мүмкіндік берер еді;
2) Қазір елімізде 2547 газет пен журнал, 115 телеарна, 65 радио, 196 ақпарат агенттігі мен желілік басылым бар. Оларға қоса, орталық және өңірлік атқарушы органдардың баспасөз қызметтеріне де білікті журналистер қажет. Бүгінгі күні жұмыс берушілер «Еңбек» электронды еңбек биржасы арқылы өздерінде бос тұрған 133 журналистік қызмет орнын ұсынып отыр. Шын мәнінде білікті журналистерге сұраныс одан да көп екендігі анық. Сондықтан да «Журналистика» мамандығы бойынша бөлінетін мемлекеттік білім беру гранттары санының жылдан-жылға кемітілу үрдісімен келісу қиын. Мәселен, 2016-2017 оқу жылына 90 грант бөлінген болса, үстіміздегі оқу жылында оның саны 70-ке дейін азайтылған. Осыған орай Ақпарат және коммуникациялар министрлігі республикадағы БАҚ-тардың және мемлекеттік органдардың баспасөз қызметтерінің білікті журналист кадрларына сұраныстарын нақты зерттеп біліп, «Журналистика» мамандығы бойынша бөлінетін гранттар санын көбейту жөнінде ұсыныс әзірлегені жөн;
3) Қазіргі кезде жоғары оқу орындарын бітірген жас журналистер аймақтарға барғылары келмей, көпшілігі қалаларда қалып жүр. Соның салдарынан, әсіресе солтүстік өңірлерде аудандық газеттерді, негізінен, жастары алпыстан асып, жетпіске жақындаған қарт журналистер шығарып жүр. Алдағы уақытта олардың орындарын кімдер басатынын ойластырғанымыз абзал. Сондықтан да аудандық газеттерге жұмысқа орналасуға келісім беретін жас журналистерді «Дипломмен – ауылға!» әлеуметтік бағдарламасына енгізуді де ұсынамыз.
Кәрібай МҰСЫРМАН,
Мәжіліс депутаты